🌷Колледжімізде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде, ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.
Бұл күн береке мен бірліктің, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлердің жаңғыратын тағылымды мерекесіне айналды. Шара барысында әр бөлім қазақ халқының бай дәстүрлерін сахналап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әрбір қойылым оқытушылар мен студенттердің бірлескен еңбегінің нәтижесі болып, сахнада үйлесімділік пен шынайылық айқын көрінді.
Экономика және құқықтану бөлімі «құда түсу» дәстүрін көрсетіп, қазақы әдеп пен сыйластықтың маңызын жеткізді.
Ақпараттық-техникалық бөлім «бесікке салу» рәсімін сахналап, ұрпақ тәрбиесінің терең мәнін ашты.
Ал педагогикалық мамандықтар «тұсау кесер» дәстүрін көрсетіп, балаға ақ жол тілеудің символдық мағынасын көркем жеткізді. Мереке барысында белсенді студенттер ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Колледж алаңында ұлттық ойын – алтыбақан құрылып, жастардың шат күлкісі мерекенің көркін арттырды. Сонымен қатар, оқытушылар қауымы да белсенділік танытып, колледж ауласында бауырсақ пісіріп, студенттерге және қонақтарға ұсынды. Ұлттық тағамның хош иісі мен шынайы ықылас Наурыздың ерекше атмосферасын сезіндірді.
Бұл мереке – оқытушылар мен студенттердің бірлігі мен ынтымағын айқындаған, ұлттық құндылықтарды дәріптеген, жүректерге жылулық сыйлаған ұмытылмас күн болды.
