You are currently viewing 📚 Қателік пен сабақ: студенттерге арналған тағылымды телемост

📚 Қателік пен сабақ: студенттерге арналған тағылымды телемост

“Құқықтану” кафедрасының апталығы аясында студенттер үшін өте маңызды әрі тағылымды кездесу өтті. Іс-шара студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруға және өмірлік құндылықтарды терең түсінуге бағытталды.

Студенттеріміз УГ-79 және УГ-15 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен тікелей телемост арқылы сыр-сұхбат жүргізді. Кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Сыр-сұхбат барысында азаматтар мен азаматшалар жастық шақта жіберген қателіктері туралы ашық әңгімелеп, тез әрі оңай жолмен байып кетеміз деген ойдың қате екенін, мұндай әрекеттердің ауыр салдарға алып келетінін атап өтті.

Сонымен қатар, олар өмірді қайта бастау мүмкіндігі болса, ата-анасының, отбасының жанында болып, дұрыс жолды таңдаған болар едік деген өкініштерін жеткізді. Бұл ойлар студенттерге үлкен ой салды.

Кейбір азаматтар “Telegram” қосымшасы арқылы курьерлік жұмыстарға тіркеліп, есірткі заттарын тасымалдау сияқты заңсыз әрекеттерге қалай араласып кеткендерін айтып берді. Ал енді бірі жоғары білімді бола тұра, пара алып, сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін беделді қызметтерінен айырылғандарын мысал етті.

Кездесу барысында өмірлік тәжірибе мен нақты оқиғалар арқылы заңды бұзудың салдары туралы маңызды әңгімелер айтылды. Мұндай кездесулер жастарды жауапкершілікке, саналы шешім қабылдауға және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелейді.

Бұл кездесу студенттер үшін үлкен өмірлік сабақ болды.