You are currently viewing Digital Day 2025: IT әлемі шексіз

Digital Day 2025: IT әлемі шексіз

11 желтоқсан күні «Сенiм» мектебінде «Digital Day–2025» атты мазмұнды әрі әсерлі іс-шара өтті. Мектеп фойесінде арнайы тақырыптық көрме ұйымдастырылып, интерактивті аймақтар, түрлі конкурстар мен танымдық шеберлік сабақтары өткізілді. Іс-шараның ұйымдастырушылары және волонтерлері ретінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан Прикаспий колледжінің студенттері қызмет атқарды.

Бағдарлама барысында оқушылар информатикаға қатысты сұрақтарға жауап беріп, ребустар мен жасырын сөздерді шешіп, өздерінің цифрлық сауаттылығы мен ойлау қабілеттерін көрсетті. Практикалық аймақта ламинация, құжаттарды түптеу, компьютер жинау, кабельді қыспақтау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, 3D-принтердің жұмысы көрсетілді.

Сонымен қатар, IT-бағыттағы контент дайындау бойынша өткен копирайтерлер конкурсы ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар қысқа ақпараттық мәтіндерді сауатты, мазмұнды және креативті түрде дайындау арқылы өз қабілеттерін паш етті.

Іс-шара оқушылардың практикалық дағдыларын, шығармашылық ойлауын және заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыра отырып, оларды цифрлық әлемді тереңірек танып-білуге ынталандырды.