2026 жылдың 17–18 қараша күндері «Педагогикалық мамандықтар» кафедрасының «PEDAGOGY NEXT: Болашақ педагог – жаңа дәуір көшбасшысы» атты әдістемелік онкүндігі аясында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills PMVK-2026» колледжішілік чемпионаты ұйымдастырылды.
Екі күнге созылған кәсіби сайыста студенттер заманауи тәрбиешіге қажетті тәжірибелік дағдылары мен шығармашылық шеберліктерін үш күрделі модуль бойынша сынға салды:
💻 А модулі — Цифрлық педагогика және кіріктірілген оқыту: Қатысушылар мектепалды даярлық тобына (5–6 жас) арналған «Математика негіздері» мен «Қоршаған әлеммен таныстыру» бағыттарын біріктіре отырып, оқу іс-әрекетінің конспектісін құрастырды. Сондай-ақ ActivInspire, LearningApps және Smart Learning Suite бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдаланып, интерактивті сабақ үлгісін көрсетті.
🤸 В модулі — Денсаулық және қимыл белсенділігі: Болашақ мамандар бүлдіршіндердің дене бітімін дамытуға, негізгі қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға және салауатты өмір салтына баулуға бағытталған сауықтыру іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыра білді.
🎨 С модулі — Ата-аналармен және әріптестермен тиімді серіктестік: Бұл кезеңде білім беру үдерісінің барлық қатысушыларына арналған мазмұнды әрі заманауи ақпараттық-демонстрациялық стенд әзірленіп, эстетикалық талғаммен безендірілді.
Аталған байқау студенттердің кәсіби құзыреттілігін шыңдап қана қоймай, олардың заманауи цифрлық технологияларды меңгеру деңгейін және нақты педагогикалық жағдаяттарда шешім қабылдау қабілетін айқын көрсетті.
🌟 Барлық қатысушыларға белсенділіктері мен жоғары дайындықтары үшін алғыс білдіреміз! Болашақ педагогтерге шығармашылық шабыт, жаңа белестер мен кәсіби табыс тілейміз!
