You are currently viewing Бояу мен шабыт үндескен сәт

Бояу мен шабыт үндескен сәт

Ақпанның 12-сі күні кітапхананың өнер бөлімі “Бояу құдіретін түсінген” атты суретшімен Тасжан Арманмен шеберлік сағатын ұйымдастырды. Тағылымды шараға Каспий көпсалалы өңірінің жоғары колледжінің 1 курс студенттері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру және кәсіби суретшінің тәжірибесі арқылы олардың эстетикалық талғамын қалыптастыру болды.

Кездесу барысында суретші өз шығармашылық жолы, алғашқы ізденістері мен жетістіктері туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өнердегі табандылық пен үздіксіз еңбектің маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол сурет салудың қыр-сырымен бөлісіп, бояу үйлесімін табу, композиция құру, перспектива заңдылықтарын сақтау, жарық пен көлеңкені шебер бейнелеу тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Студенттер теориялық мәліметпен шектелмей, практикалық бөлімде өз қиялдарындағы туындыларын қағаз бетіне түсірді. Әр қатысушы кәсіби суретшіден жеке кеңес алып, өз жұмысына талдау жасатты. Бұл олардың шығармашылық ізденісіне серпін беріп, өнерге деген сенімін арттыра түсті.

Шеберлік сағаты мазмұнды әрі шабытқа толы атмосферада өтті. Қатысушылар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз өнерлерін шыңдап, шығармашылық көзқарастарын кеңейтуге мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер жас буынның рухани дамуына ықпал етіп, ұлттық мәдениет пен өнерге деген құрметін арттыра түсетіні сөзсіз.