You are currently viewing «Таза Қазақстан»: жастар — тазалық пен қауіпсіздік жолында

«Таза Қазақстан»: жастар — тазалық пен қауіпсіздік жолында

Республика күні мерекесіне орай Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Игі бастама туған өлкенің тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Акцияға Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің студенттері мен «Winner» спорт клубының спортшылары қатысып, қоғамдық маңызы бар іске өз үлестерін қосты.

Іс-шара барысында жастар Атырау қаласындағы Әлиев көпірінің маңын қоқыстан тазартып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға атсалысты. Қатысушылар туған қаланың тазалығы әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін көрсетті.

Сонымен қатар, Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, есірткі заттарын заңсыз сататын интернет-ресурстарды жарнамалайтын граффити жазбаларын өшіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шара қоғамдық кеңістікті ретке келтірумен қатар, есірткі қылмысының алдын алуға және жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы көзқарас қалыптастыруға бағытталды.

«Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, жастарды қоғамдық жұмыстарға тартудың және салауатты өмір салтын қолдаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Осындай бастамалар жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.

Туған өлкенің тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру — баршамызға ортақ міндет. Таза қала мен жарқын болашақ әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады.