You are currently viewing Борышын өтеді, білімін жалғастырды — алда жаңа белестер

Борышын өтеді, білімін жалғастырды — алда жаңа белестер

Ақтау қаласында әскери борышын өтеп жүріп, оқыс жағдайға тап болған сәтте сын сағатта табандылық пен қайсарлық танытқан Қуандық Бекет Бақтыбекұлын Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің басшылығы, оқытушылары мен білім алушылары зор ықыласпен қарсы алды.

Бекет — колледжіміздің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 4-курс студенті. Ол Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып, әскери қызметін аяқтаған соң туған білім ордасына қайта оралып, оқуын жалғастыруда.

Әскери қызмет — жас азаматтың бойында жауапкершілік, тәртіп, төзімділік пен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын үлкен өмір мектебі. Әсіресе қиын сәттерде сабыр сақтап, кез келген жағдайға төтеп бере білу — нағыз азаматқа тән асыл қасиеттер.

Бекеттің әскери борышын абыроймен өтеп, білімін жалғастыру үшін колледжге қайта оралуы — ұстаздары мен курстастары үшін қуанышты жаңалық. Оның ел алдындағы міндетін орындап, алға қойған мақсатына нық қадам басуы — жас ұрпаққа үлгі боларлық азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Білім ордасының ұжымы Бекетке оқуында толағай табыс, мықты денсаулық, қажымас қайрат, биік белестер мен жарқын болашақ тілейді!

Елге қызмет ету — абыройлы міндет. Білім алу — жарқын болашаққа бастар жол!