You are currently viewing «Жалпы білім беру пәндері – барлық мамандықтар негізі» апталығы бастау алды

«Жалпы білім беру пәндері – барлық мамандықтар негізі» апталығы бастау алды

Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжі қабырғасында «Жалпы білім беру пәндері – барлық мамандықтар негізі» атты жалпы білім беретін пәндер кафедрасының әдістемелік апталығының ашылу салтанаты өтті.

Апталықтың негізгі мақсаты – білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, пәндерге деген қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау дағдыларын жетілдіру және оқытушылар арасында тәжірибе алмасу.

Апталық аясында студенттер мен оқытушылардың қатысуымен ашық сабақтар, әдеби кештер, интеллектуалдық сайыстар, пәндік олимпиадалар, квиз ойындары және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Әрбір шара білім алушылардың жан-жақты дамуына, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, апталық барысында биология, химия, математика, құқық, география және алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша мазмұнды ашық сабақтар өткізіледі. Ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған әдеби кеш, «Табиғат – біртұтас жүйе» білім додасы, «Физика білгірлері» квиз ойыны және колледжішілік пәндік олимпиада да апталықтың маңызды шараларының қатарында.

Сондай-ақ, кәсіби бағдар беру мақсатында мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күні өткізіліп, танымдық Quiz сайысы ұйымдастырылады.

Апталықтың ашылуында білім алушыларға сәттілік тілініп, барлық қатысушыларды белсенділік танытуға шақырды. Осындай іс-шаралар студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп, сапалы білім алуға деген ынтасын арттыра түседі.