You are currently viewing Мұқағали Мақатаевтың поэзия кеші

Мұқағали Мақатаевтың поэзия кеші

Колледжімізде қазақтың көрнекті ақыны — Мұқағали Мақатаевтің 95 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар циклі жалғасуда. Оның есімі ұлттық әдебиет тарихында лайықты орын алады, ал жүрек тебірентер лирикасы бүгінгі күнге дейін әр буын оқырмандарының жүрегінен ерекше үн тауып келеді.

Бүгін 17.25.12, 17.25.13 және 4.25.14 топтарының студенттері «Жүрекпен жырлаған ақын» атты әдеби-сазды композицияға қатысып, Мұқағали Мақатаев поэзиясының терең де көпқырлы әлеміне тағы бір қадам жасады. Іс-шара барысында көркем сөзге деген құрмет, шынайылық және ақынның рухани мұрасына тағзым айқын сезілді.

Кеш жүргізушілері — Берікұлы Тілекқабыл (17/25.12) мен Бокенбай Мұхаммад (4/25.14) — ақынның өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын ұштастырған мазмұнды әрі әсерлі бағдарлама ұсынды. «Өлең сөздің патшасы» атты презентацияны (Асылбекова А.Э.) таныстыру барысында қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың өмір жолымен, шығармашылық қалыптасу кезеңдерімен, поэтикалық стилінің ерекшеліктерімен және туындыларының тақырыптық ауқымымен жан-жақты танысты.

Композиция аясында ақынның «Менің отыз бесінші көктемім» (Бенц Семён, Андрейчик Антон, Шахваледов Ислам), «Қыздарға» (Бокенбай Мұхаммад), «Отан туралы» (Жасұланұлы Нұралы), «Үш бақытым» (Тоцкий Даниил) атты өлеңдері оқылды. Әрбір орындау шынайылығымен, автор сөзіне деген құрметімен ерекшеленіп, көрермендерге өлең интонациясын, философиялық тереңдігін және поэтикалық ойдың тазалығын терең сезінуге мүмкіндік берді.

Іс-шараға 17.24.22 тобының студенті Мырзаш Мадидің орындауындағы күй ерекше рухани әсер сыйлады. Домбыраның күмбірлеген үні әдеби бөлімді мазмұндық тұрғыдан толықтырып, ұлттық нақыш пен ұрпақтар сабақтастығын айшықтай түсті.

Колледж кітапханашысы Броварник И.А. қатысушыларды кітап көрмесімен таныстырып, ақын шығармаларының басылымдары, олардың тарихи-мәдени құндылығы және қазіргі білім беру кеңістігіндегі маңызы жөнінде мазмұнды ақпарат ұсынды.

Әдеби-сазды композиция тек мерейтойлық шара ғана емес, ақынмен рухани сұхбатқа айналды. Бүгін де өзектілігін жоймаған, шынайы әрі жүрекке жететін жыр жолдары арқылы біз тағы бір мәрте шынайы поэзияның уақытпен өлшенбейтін құндылық екенін аңғардық.

Мұқағали Мақатаевтың мұрасы — ұлт руханиятының асыл қазынасы. Оның өлеңдері жүрегімізде адамгершілік қасиеттерді нығайтып, Отанға деген сүйіспеншілікті, ана тілі мен ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыра берсін.