С. Зимановтың 105 жылдық мерейтойына орай Атырау облысы ішкі саясат басқармасының, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының және «Жастар рухы» ЖҚ Атырау қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында облыстық пікірсайыс турнирі өтті.
Аталған зияткерлік додаға өңірдің белсенді жастары қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, өз ой-пікірлерін еркін жеткізуге мүмкіндік алды. Турнир барысында қатысушылар құқықтық сана, әділдік, азаматтық жауапкершілік және адалдық құндылықтарын насихаттауға бағытталған мазмұнды пікірлерімен ерекшеленді.
Осы байқауда Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің Caspian Debate клубының мүшесі, ББ-24.22 тобының 2-курс студенті Тлекқабыл Альфия шешендік шеберлігімен, саналы ойлау қабілетімен және әділеттілікке адалдығымен көзге түсіп, жүлделі III орынға ие болды. Сонымен қатар, ол турнирдің «Үздік спикер» номинациясымен марапатталып, колледж абыройын жоғары деңгейде қорғады.
Бұл жетістік — студенттердің азаматтық белсенділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
