You are currently viewing «Лондон құпиялары ұлы детектив көзімен» библиографиялық шолуы

«Лондон құпиялары ұлы детектив көзімен» библиографиялық шолуы

📚 № 4 жылжымалы кітапхана Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінде студенттерге арнап шотланд және ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың әйгілі детектив Шерлок Холмс туралы әңгімелерінің жарияланғанына 135 жыл толуына орай «Лондон құпиялары ұлы детектив көзімен» атты библиографиялық шолу ұйымдастырды.

XIX ғасырдағы Лондон – қою тұман басқан көшелері, көне ғимараттары мен жұмбақ оқиғалары көп қала. Әсем ғимараттардың тасасында талай құпия мен қылмыс жасырынған. Дәл осы қалада атақты детектив Шерлок Холмс ең күрделі істерді зерттеп, жұмбақ оқиғалардың шешімін табады. Оның басты қаруы – байқағыштығы, логикалық ойлауы және көзге елеусіз көрінетін ұсақ-түйектерге мән бере білуі. Ол үшін әрбір белгі маңызды дәлелге айналуы мүмкін.

1891 жылы Артур Конан Дойл оқырмандарға ұлы детективтің жаңа шытырман оқиғаларын ұсынып, әдебиет әлеміне талай ұрпақтың сүйіспеншілігіне бөленген кейіпкерді әкелді. Шерлок Холмстың қызықты тергеулері мен оқиғалары бүгінгі күнге дейін оқырмандардың қызығушылығын жоғалтқан емес.

Шара барысында студенттер назарына жазушының әдеби мұрасын танытатын шығармалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Шерлок Холмстың басынан кешкендері», «Шерлок Холмс туралы жазбалар» атты әңгімелер жинақтары, «Бригадир Жерардың бастан кешкендері» шығармасы және басқа да кітаптар таныстырылды.

Кездесу барысында студенттер жазушының шығармашылығымен танысып, тақырып аясында қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Библиографиялық шолу қызықты әңгіме мен өзара пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылардың әдеби танымын кеңейтуге және классикалық детектив жанрына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

🔎 Артур Конан Дойлдың шығармалары – қылмыс пен тергеу туралы қызықты оқиғалар ғана емес, сонымен қатар байқағыштыққа, логикалық ойлауға және кез келген жұмбақтың шешімін табуға үйрететін құнды әдеби мұра.