6 мамыр күні Атырау облыстық балалар кітапханасының оқу залында оқырмандармен жазушы Александр Бектің «Арпалыс» (Волоколамск тас жолы) атты повесін кеңінен талқылады.
Мақсаты — оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, сондай-ақ жазушының аталмыш туындысы арқылы оқырмандардың ой-өрісін кеңейту.
Талқылауға Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығының 1 (9) ЖКА тобының студенттері және Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының І курс студенттері ҚТ-25.11 белсене қатысып, атсалысты.
Ең алдымен кітапханашы Ж. Молдашева шығарманың мазмұнымен таныстырды. «Арпалыс» — Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған ең үздік әскери-әдеби туынды, Бауыржан Момышұлының тұлғасын әлемге танытқан басты шығарма. Бұл шығарманы талқылауда оның тарихи шынайылығы мен тәрбиелік мәніне ерекше назар аударылады.
Талқылау барысында: Қатысушылар шығарма мазмұнына терең үңіліп, кейіпкерлердің тағдыры мен автордың айтар ойын өзара пікір алмасу арқылы саралады.
Повестің әсерлі сәтін, яғни оқырманның шығарманы қаншалықты түсінгенін және сезінгенін ортаға салды.
Сондай-ақ, оқырмандар аталмыш шығарма желісі бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.
Шара соңында «Жауынгердің тұлғасы» (басты кейіпкердің тұлғасын ашу) атты ойын ойнатылып, «Шығарманы бір сөйлеммен түйіндеңіз?!» атты жауап парақшалары арқылы оқырмандармен кері байланыс жасалды.


















