«Бағдарламалық инженерия» кафедрасының онкүндігі аясында 2026 жылғы 5 наурыз күні «Сенім» мектебінде кәсіби бағдар беру жұмысы өткізілді.
Колледж оқытушылары Ишутина Ирина Рашидовна мен Орынғалиева Нурай Таймановна 10-сынып оқушыларына мобильді қосымшаларды әзірлеу және компьютерлік графика негіздері бойынша тәжірибелік шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында оқушылар заманауи цифрлық әзірлеу құралдарымен танысып, мобильді қосымшаларды құрудың негізгі қағидаларын үйреніп, шағын практикалық тапсырмаларды орындап көрді.
9-сынып оқушыларына колледжде оқытылатын мамандықтар туралы таныстырылым ұйымдастырылды. Оқушыларға сұранысқа ие мамандықтар, оқу мүмкіндіктері, сондай-ақ таңдаған мамандық бойынша құжат тапсыру тәртібі мен қабылдау ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Кездесу барысында оқушылар болашақ мамандықтары туралы сұрақтар қойып, ұсынылған білім беру бағдарламаларына үлкен қызығушылық танытты.
Оқушылардың IT саласына деген қызығушылығын арттыру мақсатында 8-сынып оқушылары арасында қызықты IT-квиз ұйымдастырылды. Интеллектуалдық ойын барысында оқушылар ақпараттық технологиялар, логика және компьютерлік сауаттылық бойынша білімдерін сынап көріп, бағдарламалау және цифрлық технологиялар әлемі туралы қызықты мәліметтермен танысты.
Осындай кездесулер мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын анықтауға, заманауи мамандықтардың ерекшеліктерін түсінуге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға үлкен мүмкіндік береді.












