2026 жылғы 5 наурыз күні ақпараттық-техникалық бөлімнің 2 курс студенттері «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының оқытушылары Ишутина И.Р. және Тукпатова А.-мен бірге Atyrau Hub инновациялық орталығына экскурсия жасады.
Кездесу барысында орталық менеджерлері студенттерді Atyrau Hub қызметімен таныстырып, жас IT мамандарына ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтып берді. Сонымен қатар, тегін білім беру курстары, алдағы іс-шаралар мен технологиялық жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Atyrau Hub инновациялық орталығының негізгі мақсаты — стартап жобаларды қолдау, IT білім беруді дамыту және Батыс Қазақстандағы технологиялық экожүйені нығайту. Бұл орталық Astana Hub технопаркі тарапынан Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған.
Кездесу барысында студенттер Astana Hub платформасының мүмкіндіктерімен танысты. Мобильді қосымшаны жүктеу арқылы олар тегін білім беру курстарына, сондай-ақ конкурстар, хакатондар, спорттық бағдарламалау жарыстары және басқа да IT-шаралар туралы ақпараттарға қол жеткізді.
Экскурсия аясында студенттерге жасанды интеллектті қолдану бойынша шеберлік сабағы өткізіліп, жасанды интеллект, машиналық оқыту және цифрлық технологиялардың заманауи бағыттары туралы шолу дәрісі ұйымдастырылды.
Кездесу соңында студенттер қызықты квиздер мен танымдық байқауларға қатысып, жасанды интеллект, нейрондық желілер және машиналық оқыту негіздері бойынша өз білімдерін сынап көрді. Осындай кездесулер студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, заманауи технологиялармен танысуына және цифрлық мамандықтар әлеміне сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.







