You are currently viewing Поэзиям менің, мен өлсем де сен өлме!

Поэзиям менің, мен өлсем де сен өлме!

⚜️ Колледжімізде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі — Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Поэзиям менің, мен өлсем де сен өлме» атты әдеби-сазды кеш жоғары ұйымдастырушылық және шығармашылық деңгейде өтті.

Шара барысында студенттерге ақынның өмір жолы мен бай шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, тағдырлы ғұмырының маңызды кезеңдерін қамтыған бейнеролик ұсынылды. Көрермендерге ақынның ішкі жан дүниесінің тазалығы, поэзияға деген шынайы адалдығы мен халқына деген ыстық ықыласы ерекше әсер қалдырды. Туған жердің жырын асқақтатқан қаламгер жас ұрпақ алдында рухани биіктіктің, көркемдік шынайылықтың символы ретінде танылды.

Кеш аясында колледж кітапханашысы Броварник Ирина Анатольевна тақырыптық кітап көрмесін ұйымдастырып, қатысушыларды Мұқағали жыр жинақтарымен жан-жақты таныстырды. Студенттер ақын шығармаларының тақырыптық ерекшеліктері, махаббат, туған жер, Отан, адамгершілік құндылықтар жайлы терең толғаныстары туралы құнды мәліметтер алды.

Кештің шарықтау шегі – колледж студенттері арасындағы ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы болды. Қатысушылар шығармаларды ерекше тебіреніспен орындап, жырлардың философиялық тереңдігі мен сезім қуатын әсерлі жеткізе білді. Жас дарындар сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін танытып, әр өлеңнің артында тұтас бір тағдыр, бір сезім, бір дәуір жатқанын дәлелдеді.

Сонымен қатар кеш соңында колледжде өтіп жатқан кітап сыйлау бастамасы аясында барлық қатысушыларға кітаптар тарту етілді. Бұл игі іс жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.

Әдеби кеш жас ұрпақтың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рухани мұраны ұлықтауға бағытталған тағылымды шараға айналды. Мұқағали жыры – мәңгілік. Ақын айтқандай, шынайы поэзия ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өміршеңдігін сақтай береді.