Шығармашылық — ұстаздың екінші тынысы

Шығармашылық — ұстаздың екінші тынысы. Білім бере жүріп, шығармашылықпен шұғылдану — елеулі іс. Колледж оқытушысы Рахымжан Асқарұлының шығармашылығымен көптен таныспыз. Мектеп кезінен басталған бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Бүгінде БАҚ беттеріне өлеңдері жарияланып, бірнеше кітаптарға жырлары еніп, әуенге жазған сөздері ән болып тыңдарманға ұсынылды. Күні кеше Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Атыраудың жас 30 ақынының шығармалары енген “Атырау толқындары” атты кітап оқырманға жол тартты. Сол антологияның ішіне Рахымжан Асқарұлының да бір топ өлеңдері енді. Жас та болса биік шыңдарды бағындырып жүрген әріптесімізге телегей шабыт, толағай табыс тілейміз. Шығармашылығы өркендей берсін!

«WorldSkills PSVK – 2021» колледжішілік чемпионаты

15 желтоқсан күні «Негізгі орта білім» құзыреттілігінің қатысушы студенттері В, Д Модулдері бойынша сынға түсті. В Модулі негізінде қазақ тілі немесе қазақ әдебиеті пәндері бойынша нақты тақырыпты меңгеруді қамтамасыз ететін білімді игеру деңгейіне сәйкес деңгейлік оқу тапсырмаларын құрастырып, оны жоғары деңгейде қорғап шықты. Сонымен бірге, Д Модулі бойынша жеребе арқылы таңдалған тақырыптардың біріне эссе жазып, ойды дәйектеу мен ақпаратты сауатты жеткізу сынды міндеттерді шығармашылық қабілеттерімен тамаша ұштастыра білді.
Бұл кезеңде әр қатысушы өз жұмыстарын дәлелдеп, жан-жақты ізденісте, өз ойын жүйелі тұжырымдап, оны жазу шеберліктері қалпында екендіктерін айқындап берді.
Шаршы алаңда Білімімен сыналған «Негізгі орта білім» құзыреттілігінің қатысушылары бір-бірінен асып түсіп, шашасына шаң жұқтырар емес.
Жас дарындылар додасының ЖЕҢІМПАЗДАРЫ желтоқсан айының соңғы аптасында белгілі болады. Дарындыларды бірге анықтайық!

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына — 30 кітап

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бері ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық     қауымдастығы бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 15 жыл бойы өткізіліп келеді.

Акцияның мақсаты – халық әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру, ана тілін құрметтеу. Акцияның міндеті – қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу.

Жыл сайын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында еліміздің барлық кітапханаларында көптеген іс-шаралар мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, акция мен таңдаулы авторлар, олардың кітаптары туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ Қазақстанның көрнекті жазушыларының шығармалары оқырмандар назарына ұсынылады.

Қазақстанда 2021 жыл Тәуелсіздік жылы деп жарияланды. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Аталмыш акция аясында «30 кітап — Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді.

Поэзия: Мұқағали Мақатаев «Өмірдастан», Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным», Ұлықбек Есдәулет «Киіз кітап», Серік Ақсұңқарұлы «Көкейімде Күлтегіннің жазуы», Тоқтарәлі Таңжарық «Түн парақтары», Бақытжан Канапьянов «Достояние души».

Проза: Тынымбай Нұрмағамбетов «Періштелердің өлімі», Тобық Жармағамбетов «Отамалы», Сәуле Досжан «Қасірет пен тағдыр», Юрий Серебрянский «Дәмді де пайдалы қазақстандық әдебиет», Даурен Куат «Бөрісоқпақ», Тұрысбек Сәукетай «Желқайық».

Драматургия: Рахымжан Отарбаев «Айна ғұмыр», Дулат Исабеков «Жеті желкен», Мадина Омарова «Көмбе нанның дәмі», Иран-Ғайып «Қорқыттың көрі», Думан Рамазан «Пешене», Сая Қасымбек «Жанталас».

Балалар әдебиеті: Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар», Бердібек Соқпақбаев «Жекпе-жек», Марат Қабанбаев «Жиһангез Тити», Толымбек Абдырайым «Алабұға аулаған күн», Зира Наурызбаева, Лиля Калаус «Алтын тостағанды іздеу», Мәди Айымбетов «Бар болғаны он төрт жас».

Аудармалар: Юсупов Кеңес, Габриель Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық», Әдетов Бекболат, Эрих Мария Ремарк «Аманат өмір», Ахметов Әділ, Агата Кристи «Ғайып болған миллион», Меллат Төлеген, Халид Хусейн «Жарқыраған мың күн», Мазен Динара, Ж.К. Роулинг «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме», Құрметұлы Амангелді, Орхан Памук «Менің атым – Қырмызы».

«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН» АТТЫ СТУДЕНТ ЖАСТАРДЫҢ IX РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ФОРУМЫ

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Тұңғыш Президент күніне орай Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтіп жатырған «Мен жастарға сенемін» IX Республикалық патриоттық форумы аясында жоғары колледж белсенді студенттері қатынасып «Тәуелсіздік және жастар» номинациясы бойынша «Үздік» деп таңылды. Атап өту керек, шараға әр өңірден 2000ның үстінде ЖОО мен колледждер студенттерінен өтініш түсіп, 103 қатысушы финалға жолдама алған болатын. Барша қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз!